Оның айтуынша, Астанада халықаралық JCI аккредитациясы бар тоғыз клиникалардың қатарында мемлекеттік те, жекеменшік те медициналық ұйымдар бар.
Қазір қала әкімдігі медициналық ұйымдармен және туристік қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, шетелдік пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және олар үшін арнайы ұсыныстар әзірлеу бағытында жұмыс істеп жатыр.
– Біздің міндетіміз медициналық турпакеттер мен кешенді медициналық тексеруден өту қызметтерін бір жүйеге келтіріп, оларды шетелдік нарыққа ұсыну. Осылайша медициналық туризм бағыты бойынша танымал болған басқа елдермен бәсекелесе аламыз, – деді Ольга Абельдинова.
Сонымен қатар Skyway туроператорының жетекшісі Әсем Қозбағарованың айтуынша, мұндай ұсыныстар қазірдің өзінде бар. Кейбір клиникалар медициналық қызметтерді қамтитын арнайы пакеттерді өздері әзірлейді. Сонымен қатар бұл бағытқа туристік компаниялардың да қызығушылығы артып келеді.
– Көптеген клиникалар мұндай қызметтерді ұсынып жүр. Астанаға Еуропа, Америка және Азия елдерін қоса алғанда, әлемнің әртүрлі бөлігінен шетелдік туристер келеді. Бастапқыда бұл бағытқа күмәнмен қараған едім. Алайда соңғы бір жылда оған деген қызығушылығымыз арта түсті. Біздің компанияда да осы бағытпен айналысатын бөлім ашылды. Әрине, ең алдымен Астанаға басымдық беріп отырмыз, – деді Әсем Қозбағарова.
Оның айтуынша, шетелдік пациенттер медициналық қызметті бірнеше факторға сүйене отырып таңдайды. Бірі медициналық көмектің сапасы мен қызмет көрсету деңгейіне мән берсе, енді бірі ем-дом мен тексерудің құнына қарайды. Сондай-ақ кейбір пациенттер нақты бір дәрігерге қаралу үшін арнайы келеді.
Сарапшы елорданың тағы бір артықшылығы ретінде заманауи диагностикалық жабдықтар мен медициналық тексерулердің қолжетімді бағасын атады.
– Бізде диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі жоғары. Сонымен қатар медициналық тексерулердің құны басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Меніңше, бұл – Астананы медициналық туризм орталығы ретінде танытуға жақсы негіз. Сапа мен қолжетімді бағаның үйлесуі біздің басты артықшылығымыз. Осы бағытты тереңірек зерттей бастағанда, елімізде заманауи әрі сапалы жабдықтар бар екенін, ал медициналық қызметтердің бағасы қолжетімді екенін байқадым. Қазір бұл бағыт ішкі туризмде де сұранысқа ие болып келеді, – деп атап өтті сарапшы.
Әсем Қозбағарова Қазақстан шетелдік медициналық орталықтармен бәсекелесе алатын бағыттардың қатарында стоматология, нейрохирургия және кардиохирургияны атады.
Сарапшының пікірінше, медициналық қызметтердің сапасы мен бағасынан бөлек, шетелдік пациенттерді қызмет көрсету деңгейі де қызықтыра алады. Әсіресе пациенттермен дұрыс әрі тиімді қарым-қатынас жасай алатын білікті мамандардың болуы маңызды.
Айта кетейік, медициналық туризмнің бірыңғай маркетплейсі енгізілетінін жазғанбыз.