Астана мен Ақтөбе арасында жол жүру уақытын 11 сағатқа қысқартатын жүрдек пойыз сынақтан өтті

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Таяуда «Астана-Ақтөбе» жүрдек пойыз қозғалысы бағдары бойынша локомотив тіркеген бір жолаушы вагоны сынақтан өткізілді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар мақсаты - локомотивтің тиісті жылдамдықты орындауына бақылау жасау, жолдың инфрақұрылымының дайындығын және жол айырықтарының жүрдек пойызды  өткізу мүмкіндігін анықтау. Сынақ барысында аталмыш жобаны жүзеге асыруға дайындық ойдағыдай деп бағаланды.

Қазіргі кезде осы бағдармен локомотив жүргізетін машинистер мен олардың көмекшілері  жүргізу нұсқамалығымен танысып, тәжірибеден өтуде.

Жоспар бойынша Астана станциясынан Тобыл станциясына дейін жылжымалы құрамды KZ-4А сериясындағы электровоз сүйресе, әрі қарай соңғы нүктеге дейін ТЭП-70 тепловозы апарады. Осылайша жол жүру уақыты 11 сағатқа қысқарады. Осы бағдармен желтоқсанның 14-інде жүретін «Тұлпар-Тальго» отандық зауытында  құрастырылған жолаушылар пойызы 19 вагоннан тұрады деп күтілуде.