Астана мен Құлжа арасында тікелей әуе рейсі ашылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — 26 қазанда Қазақстанның FlyArystan әуе компаниясы Астана мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (ШҰАА) орналасқан Құлжа (Инин) қаласы арасында тұрақты тікелей рейстерді іске қосады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Жаңа рейс аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері ұшады. Астанадан 7:55–те ұшып шығады, Құлжаға Бейжің уақыты бойынша сағат 13:20–да қонады. Кері қарай Құлжадан 15:20–да ұшып шығып, Қазақстан астанасына жергілікті уақыт бойынша сағат 14:50–де келеді.

FlyArystan компаниясының президенті және бас директоры Йохан Эйдхаген Астана-Құлжа рейсінің іске қосылуы әуе компаниясының Қытайдағы беделін нығайтып, Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында жаңа тікелей әуе байланыстарын жақсартатынын атап өтті.

— Құлжа біздің бағыт желілеріміз үшін маңызды қосымша болады, ол Қазақстанды елімізбен ұзақ мерзімді мәдени байланыстары бар аймақпен байланыстырады. Жаңа рейс іскерлік және демалыс сапарларына шығуды, сондай-ақ отбасы мүшелері мен достарына баруды жеңілдетеді. Біз бәсекеге қабілетті тарифтер арқылы әуе сапарларын қолжетімді етуге және жолаушыларға өз қажеттіліктеріне сай қызметтерді таңдау мүмкіндігін беруге тырысамыз, — деді Эйдхаген.

Бұл бағыт FlyArystan-ның Қазақстаннан Құлжаға баратын екінші бағдары. 2025 жылы компания Алматы-Құлжа рейсін ашқан. Қазіргі уақытта әуе компаниясы Қытайдың Үрімші, Құлжа, Сиань және Чунцин қалаларына қатынайды.

Еске салсақ, FlyArystan өткен айда Алматыдан Қытайдың Чунцин қаласына тікелей рейс ашқан болатын.