Астана мен Мәскеу арасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путинге «Астана-Мәскеу» алғашқы пилотсыз жүк автомаршруты жобасы таныстырылды.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Қос мемлекеттің көлік саласына жауапты министрліктері «ПАО КАМАЗ» пилотсыз жүк көліктерімен айрықша жобаны жүзеге асырды. Ол жоғары дәлдік пен қауіпсіздік деңгейінің арқасында заманауи логистика секторында жаңа стандарт қалыптастырып жатыр.

Пилотсыз жүк көліктері Астана мен Мәскеу аралығын, яғни үш мың шақырым қашықтықты екі күнде жүріп өтті. Осылайша, жол ұзақтығын екі еседен артық қысқартты. Әлемдік тәжірибеде соншалықты ұзақ халықаралық маршрутты бұлай жүргізушісіз техникамен жүріп өту алғаш рет тіркеліп отыр.

Жоба зор әлеуетін көрсетті. Соның арқасында жүк ағыны артпақ. Тараптар пилотсыз тасымалды одан әрі дамыту үшін бірлескен институционалдық база мен қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға кірісті.

– Жүк тасымалы көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылдың қорытыныдысы бойынша, бұл көрсеткіш 92 млрд долларға жетті. Демек, 3,5%-ға өскен. Алдыңғы қатарлы цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Соның жарқын мысалы – бүгін елдеріміздің арасында пилотсыз жүк тасымалдайтын автокөлік құралдары жобасы іске қосылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылатынын жазғанбыз.