Астана — Нью-Йорк: тікелей рейс келесі жылы ашылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылы Астанадан Нью-Йоркке тікелей рейс ашылуы мүмкін. Қазір еліміз АҚШ-қа ұшуға қажетті рұқсат алуға дайындалып жатыр.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Бұл туралы ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты.

Оның сөзінше, бірнеше апта бұрын Қазақстанға АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің 7–8 инспекторы келген. Олар бір апта бойы еліміздің азаматтық авиация жүйесін тексерді. Қорытынды брифингте Қазақстанның авиация саласына және оның халықаралық стандарттарға сәйкестігіне жоғары баға берілген.

АҚШ тарапының ресми есебі қараша айында дайын болады. Ал еліміз жыл соңына дейін рейс ашуға рұқсат алуды көздеп отыр.

— Желтоқсан айында осындай ұзақ бағытқа ұшуға мүмкіндік беретін Boeing Dreamliner ұшағы жеткізіледі деп күтілуде. Оны пайдалануға беру үшін экипаж бен техникалық мамандар тиісті дайындықтан өтіп, қажетті ұшу сағаттарын жинауы керек. Барлық талап орындалса, келесі жылы тікелей рейс ашуды жоспарлап отырмыз, — деді Талғат Ластаев.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Алғашқы бағыт ретінде Нью-Йорк қаласы қарастырылған. Ал тікелей рейс Астанадан ұшады.

— Рейс ұзақ бағытқа қатынайды. Дегенмен, екі ел арасындағы қарым-қатынас дамып келеді. Қазақстанға деген қызығушылық пен инвестициялық-экономикалық байланыс та артып отыр, — деді ол.

Әзірге билет бағасы есептелген жоқ. Жаңа рейстің тиімділігі жолаушылар сұранысына да байланысты болады.

Айта кетейік, жақында Алматыдан Вьетнам мен Чехияны байланыстыратын рейс іске қосылды.