Алматыдан Вьетнам мен Чехияны байланыстыратын рейс іске қосылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Вьетнамдық VietJet Air әуе компаниясы Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосты.
Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, жаңа бағыт бойынша Airbus A330 ұшақтары аптасына екі рет қатынайды. Әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі құқығының арқасында жолаушылар бүкіл бағыт бойынша ғана емес, Алматы мен Прага арасында ұшуға мүмкіндігі бар. Яғни, Вьетнам астанасынан Қазақстанға келген ұшаққа адамдар жеке билет алып, Чехия астанасына аттана алады. Кері бағытта да бұл мүмкіндік сақталады.
- 2025 жылы Алматыға келген Вьетнам туристерінің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға артты. Жаңа бағыт Вьетнаммен туристік байланысты одан әрі дамытуға және Алматының осы елден келетін саяхатшылар үшін тартымдылығын арттыруға ықпал етеді, - деп хабарлады басқармадан.
Алматы әуежайының мәліметінше, бұл рейстің Алматы мен Ханой арасындағы ұшу ұзақтығы шамамен 6 сағат 10 минут, ал Алматы мен Прага арасындағы ұшу ұзақтығы шамамен 7 сағат 35 минут болады.
Еске салайық, биыл 30 қарашадан бастап Алматы - Токио рейсі бастап іске қосылады.
Сондай-ақ Air Astana әуе компаниясы Қазақстаннан Оманға екі жаңа бағыт бойынша тұрақты рейстерді іске қоспақ. Ұшақтар Алматы мен Астанадан Салала қаласына қатынайды.