НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Анна Данилина Astana Open WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 287-орында тұрған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 62-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Младенович басымдылық танытты - 6:4.
Екіншісінде Данилина тай-брейкте сәттірек ойнады - 7:6 (7:5).
Үшінші, шешуші партияда жеңіс франциялық спортшының қанжығасында кетті - 6:4.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Данилина 2 эйс жасап, 16 брейк-пойнтттың тоғызын пайдаланды. Қарсыласы 11 брейкке (16 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша А.Данилина жекелей сында жарыс жолынан шығып қалды. Дегенмен ол жұптық сында доданы жалғастырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Astana Open турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).