НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Astana Open WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 109-ракеткасы З.Дияс бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 210-орында тұрған 19 жастағы ресейлік Анастасия Захаровамен өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте Зарина Дияс басым түсті - 7:6 (8:6).
Екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:4.
Үшінші, шешуші сетте алдымен Зарина алға шыққанымен, ресейлік теннисші таразы басын теңестірді. Дегенмен Зарина тартысты өткен матчты жеңіспен түйіндей білді.
З.Дияс екінші айналымда әлемнің 86-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен шеберлік байқасады. Ол рейтингте 121-сатыдағы швейцариялық Штефани Фегелені 7:5, 4:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның жұптық сында Astana Open турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
А.Данилина жекелей сында тартысты матчта есе жіберді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).