Астана-Орал бағытындағы ұшақ бортында жүкті келіншектің толғағы ұстап қалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Астана-Орал бағытында ұшып шыққан Fly Arystan компаниясының ұшағының бортында оқыс оқиға болды. 

Фото: Pixabay.com

Орал қалалық көпбейінді ауруханасының дәрігер-хирургы Таубай Бекжанұлының Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, 18 наурыз күні Астанадан ұшып шыққаннан соң шамамен бір сағаттан кейін екіқабат әйелдің суы кетіп қалған.

Оның сөзіне қарағанда, бұл жүктіліктің 27 апталығы, мерзімінен бұрын босану әрекеті еді. Бортта дәрігер көмегі қажет деп хабарлады. 

— Содан Фарида есімді остеопат дәрігер екеуміз бардық. Қараған кезде жатыр мойыны 4 см ашылған екен, босану үшін 8 см-дан жоғары болуы керек. Сонымен қатар қан кете бастады (ұшақ қонғанша 400-500 мл-ге дейін қан кетті). Оған қоса ішін ұстап қарағанда, жатырдың жиырылмай қалғаны белгілі болды. Медицинада мұны атониялық жатыр дейді. Алғашқы көмек көрсетіп, капитанмен сөйлесіп, кері қону керектігін айттық. Өйткені шақалақтың жағдайы белгісіз болды. Әйелде тума жүрек ақауы, артериялық гипертония аурулары болды. Сондай жағдайда қонып, оны жедел жәрдем дәрігерлеріне табыстадық, — деді Таубай Бекжанұлы.

Дәрігердің айтуынша, жүкті келіншек Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, жасы отыздан асқан, үшінші сәбиіне аяғы ауыр болған екен. Кейін ол аман-есен босанып, ұлды болды.

— Маған жедел әрекет етіп, алғашқы дәрігерлік көмегімді көрсеткенім үшін Fly Arystan компаниясы алғысын білдірді, — деді ол.

Фото: Таубай Бекжанұлының жеке архивінен

Орал халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, аталған ұшақ Оралға 18 наурыз күні сағат 23.25-те қону керек еді. Алайда сағат 23.00 шамасында Астанаға кері қайтты деп хабарлаған. Кейін Оралға кешігіп, 19 наурыз күні сағат 03.00-де келді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдан Түркістанға рейстер қайта басталатынын жазған болатынбыз.