«Астана-Петропавл» тасжолында мотоцикл жүргізушісі жол апатынан көз жұмды
Ведомствоның мәліметінше, тамыздың 20-да сағат 16:04 Ақкөл аудандық ПБ кезекші бөліміне «Астана-Щучье» автожолының 104-ші шақырымында жол-көлік оқиғасы болғандығы туралы хабар түскен.
Белгілі болғандай, «HONDA» мотоциклінің 39 жастағы жүргізушісі «Гелиос» жанармай құю бекетінен «Астана-Петропавл» автожолына аса жылдамдықпен шығып кетіп, «Lexus RX-300» көлігімен соқтығысқан. Салдарынан мотоцикл жүргізушісі түрле дене жарақатымен Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізіліп, сонда қайтыс болды. Медициналық сараптама қорытындысына сай «Lexus RX-300» көлігінің жүргізушісі, 57 жастағы петропавлдықтың ішімдік ішпегені анықталды.
«Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды», - деді ведомстводан.
Жалпы, Ақмола облысында жазғы маусымда мотоциклдермен 13 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 2 адам көз жұмған және 19 адам зардап шеккен.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда жолға жүгіріп шыққан жасөспірімді көлік қағып кеткенін жазған едік.