Астана полицейлері малайзиялықтың жоғалған телефонын қайтарып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер Малайзия азаматына жоғалған ұялы телефонын қайтарып берді, деп хабарлайды Астана қаласының ІІД баспасөз қызметі.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қонақтары тұратын «ЭКСПО-вилладж» ТК ауласындағы тіркеу аумақтарын тексеру барысында учаскелік инспекторлар Нұрлан Молдабеков пен Айбек Тыныбаев орындықтан «Самсунг» маркалы ұялы телефон тауып алды.

Тексеру шаралары барысында полиция қызметкерлері телефон иесін анықтады, ол Малайзия азаматы болып шықты. Өз кезегінде шетелдік азамат тәртіп сақшыларына алғыс айтты.