«Рейдтік іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері 631 әкімшілік құқық бұзушыны анықтап, 597 шетелдікті, 27 Қазақстан Республикасының азаматын, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланушы 7 жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты», - делінген хабарламада.
astana.kz сайтының жазуынша, 62 шетелдік жеке басын анықтау үшін Астана қаласының қабылдау-бөлу мекемесіне уақытша орналастырылған. 55 шетелдіктің Қазақстан Республикасында болуына негіз болмағандықтан, уақытша болу мерзімі қысқартылды.
Сонымен қатар, көші-қон заңын қасақана бұзған үш шетелдікке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Мәселен, көші-қон полициясы қызметкерлері Ресей Федерациясы азаматының Астана қаласының 22.02.2013 жылғы қаладан шығарылуы жөніндегі әкімшілік соты шешімін орындамағанын анықтады.
Тағы бір қылмыстық іс Өзбекстан азаматына қатысты мемлекеттік шекарадан қасақана заңсыз өткені үшін қозғалды.
Сондай-ақ, іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері бұрын іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады.