Астана полициясы жадынан айырылған егде әйелді іздесуге көмектесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлері жоғалып кеткен жарым-жартылай жадынан айырылған егде әйелді іздесіп, туыстарына оның қай жерде екенін хабарлады.

Астана ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, «Алматы» ауданы ІІБ полиция учаскелік инспекторы лейтенант Акбар Құрманғалиев үй киімімен көшеде жан-жағына жалтақтап жүрген әжейді байқап қалған.

Кейуана қайда тұратынын, бұл ауданға қалай келгенін түсіндіріп бере алмапты. Кейіннен бұл кісінің ішінара есінен айырылатыны белгілі болды. Полиция қызметкері дәрігерлер шақырып, әйелді жүйке ауруларын емдейтін орталыққа жатқызды. Қазір 70 жастағы әйел ем қабылдауда. Кейінен туыстарына қайта оралады.

Жоғалған әйел туралы деректі туыстары Астана қ. ІІД «Жазатайым оқиғаларды тіркеу бюросы» арнайы анықтамалық-ақпараттық қызметке тіркеген болатын.

«Бюрода дерекқор бар. Ол елорданың ІІД мамандандырылған мекемелерінен күнделікті түсетін ақпараттардан қалыптасады», - деді Астана қ. ІІД ақпараттық-талдау орталығының бастығы Қарлығаш Қабиева.