Астана іргесінде тамақ өңдейтін 20 зауыт шоғырланады

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов 2028 жылы елордада жаңа индустриялық аймақ іске қосылатынын айтты.

- №1 индустриялық парктің тәжірибесі бойынша №2 индустриялық паркті құру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты біз мемлекет-жеке меншік әріптестігі тетігі арқылы ұйымдастырамыз. Биыл конкурстарды аяқтап, 2026-28 жылдары паркке инфрақұрылым тартылады. Бұл индустриялық парк арқылы 150-ден астам жобаны тартуға, сол арқылы кемінде 500 млрд теңге инвестиция тартып, 8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады, - деді ол.

№2 индустриялық парк негізінен аграрлық бағытта дамиды деген жоспар бар.

- Индустриялық аймақ іске қосылған кезде кем дегенде 20 тамақ өңдейтін зауыт шоғырланады. Сол арқылы тағы да қала халқының сұранысына жауап беретіндей тауар өндіріледі, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, Астанада №2 индустриялық паркін ашу бастамасы 2017 жылдан бері айтылып келеді.