Астана-Самарқанд бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Астана-Самарқанд бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылды. Ұшақтар Түркістан қаласына да аялдайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жаңа тұрақты әуе рейсі екі ел арасындағы зиярат туризмді дамытуға серпін бермек. Тиісінше, биыл Қазақстаннан Өзбекстанға келетін туристер саны 3 миллионға дейін артуы ықтимал.
Аталған бағыт бойынша ұшақтар аптасына екі рет, яғни бейсенбі және жексенбі күндері рейс орындайды. Астанадан ұшқан әуе кемелері Түркістан қаласына 40 минут аялдап, кейін Самарқандқа бет алады.
Еске салайық, бірне ай бұрын Өзбекстаннан Қазақстан мен Қытайға қатынайтын жаңа автобус рейстері ашылатынын жазып едік.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Астана мен Самарқанд арасында пойыз қатынауы мүмкін.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр.
Еске салайық, таяуда президент Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібі енгізілуі мүмкін екенін мәлім етті.