Алдағы уақытта Астана мен Самарқанд арасында пойыз қатынауы мүмкін
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Астанада «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен «Өзбекстан темір жолдары» АҚ өкілдері кездесіп, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» компаниясынын мәлім еткендей, келіссөз барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасында қатынайтын туристік пойыздардың рейсін тұрақты негізде ұйымдастырып отыру келісіміне қол қойылды. Сонымен қатар, бірлескен жобаларды іске асыру үшін жұмыс тобы құрылды.
- Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі - екі елдің теміржол компаниялары ұйымдастырған Jibek Joly туристік пойызының жолға шығуы, - делінген хабарламада.
Тараптар артып келе жатқан сұранысқа орай, Jibek Joly жобасын жалғастыру және жаңа туристік маршруттар ашу мүмкіндігін қарастырды.
- Қазіргі таңда Астана-Самарқанд жаңа халықаралық теміржол бағытын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл екі елдің туристік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етеді, - делінген ҚТЖ компаниясы таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, кездесуде өзбек тарапының бастамасымен Алматы-Ташкент пойызының жүру кестесін қайта қарау ұсынылды. Тиісінше, енді пойыз Өзбекстанға жолаушылар үшін ыңғайлы уақытта келуі мүмкін.
Еске салайық, таяуда Jibek joly туристік пойызы алғаш рет Самарқанға келді.
Бұған дейін Алматыдан Jibek joly 2.0 туристік пойызы жолға шыққанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Өзбекстаннан Қазақстан мен Қытайға қатынайтын жаңа автобус рейстері ашылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр.
Қоса кетсек, таяуда президент Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібі енгізілуі мүмкін екенін мәлім етті.