«Науқасты жедел жәрдем №1 қалалық ауруханаға жеткізген. Жағдайы тұрақты, есін біледі. Басы ауыратынын айтады, жөтеледі. Аурухананың токсикология бөліміне жатқызылды. Диагнозы: «күкіртті сутектен улану» (метан). Ауырлық деңгейі орташа. Өндірісте оқыс оқиға болған», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.
Бұған дейін «Астана су арнасының» алты қызметкері метан газынан уланып, төртеуі қаза тапқанын хабарлаған едік.
«Жұмысшылардың бірінің мазасы кетіп, есінен танып цилиндрдің ішіне құлап түсті. Екіншісі оған көмектесемін деп техбаспалдақпен төмен түсіп, ол да есінен танып қалды. Артынан үшіншісі, кейін тағы біреуі түскен», - деген еді ТЖК төрағасы Владимир Беккер.
Әкімдіктің хабарына қарағанда, қаза тапқандар 1988, 1993, 1995, 1967 жылдары туған жұмысшылар.
«6 адам жұмыс істеген, соның 4-еуі қаза тапқан. Жігіттердің бірінің артынан бірі құлағанын көрген жүргізуші де оларға көмектесемін деп, өзі де қаза тапты», - дейді Э. Жүргенбаева.