Астана су қоймасына қатысты ешбір сын болған жоқ - ІІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласын қорғап тұрған су қоймасына қатысты бақылаушы қызметтер ешбір сын білдірген жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәл қазір астанадағы су қоймасының толуына баса мән беретін боламыз. Күні кеше ғана секундына 900 текше метр су қарқынды келіп жатқанын білдік. Апатты жағдайларға жол бермеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қазсушар бөлімшелерімен бірлесіп, профилактикалық су ағызу жұмыстарын жүзеге асырдық», - дейді Юрий Ильин.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласын қорғап тұрған контррегулятор бақылаушы қызметтер тарапынан ешқандай сынға ұшырамаған.

«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы біз су қоймасына 270 миллион текше метр су жинаған едік. Қазір бізде айтарлықтай қор бар», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин ел өңірлеріндегі су тасқынына қатысты жағдайды айтып берді.