FEI президенті Ингмар Де Вос: Қазақ даласы - жаһандық жылқы мәдениетінің тарихи бесіктерінің бірі

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Вос елордада өткен халықаралық деңгейдегі FEI Jumping World Challenge Final турнирін жоғары бағалады.

Фото: Kazinform

Алғаш рет Астанада халықаралық деңгейдегі FEI Jumping World Challenge Final турнирі 11 елден келген талантты шабандоздардың басын қосқан болатын.

ҚР Ат спорты федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша бұл беделді жарыстың Қазақстанда өтуі ат спортының дамуына серпін беріп қана қоймай, еліміздің халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Турнирдің басты ерекшелігі – қатысушылардың өздеріне бейтаныс, ұйымдастырушылар ұсынған аттармен сынға түсуі. Мұндай формат шабандоздың кәсіби шеберлігін, бейімделу қабілетін және атпен аз уақыт ішінде өзара сенім орната алуын айқындайды.

FEI Jumping World Challenge Final турнирі Қазақстанның әлемдік ат спорты қауымдастығындағы беделін нығайтып, ұлттық ат спортының жаңа белестерге көтерілуіне жол ашқан маңызды оқиға болды.

- Еуразия - ат спортын дамытуға ең перспективалы аймақтарының бірі. Ал қазақ даласы - жаһандық жылқы мәдениетінің тарихи бесіктерінің бірі. Мұндай турнирлер спортшылар мен тұлпарлардың үлкен халықаралық алаңдарда жарысу үшін тәжірибе жинақтауына жағымды орта ретінде зор мүмкіндік береді, - деді халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Вос. 

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан ат спортынан Астанадағы халықаралық турнирлерде 14 медаль жеңіп алды.