"Полицейлердің айтуы бойынша, шетел азаматы 2016 жылғы қазан айының 26-нан 27-не қараған түні Астана қаласы әуежайында белгіленбеген жерде шылым шегуге әрекет еткені үшін Астана қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне жеткізілген", - делінген Көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінде.
Бұған дейін Монако комиссарына полиция ешқандай құжат толтырмастан 120 евро көлемінде айыппұл салмақ болды деген ақпарат тараған еді. Ол полициялардың біреуі 30, екіншісі 26 жаста екен.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында Астана қаласы әуежайында белгіленбеген жерде шылым шегуге әрекет еткені үшін шетелдік азаматты Астана қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне жеткізген 1986 және 1993 ж.ж. туған полиция қызметкерлерінен қорғауға құқығы бар куәгер ретінде сұрақ алынды. Қазіргі уақытта осы іс тергелу реттілігін анықтау үшін ҚР БП Бас көлік прокуратурасына жіберілді", - деп жауап берген көліктегі ішкі істер департаментінің басшысы А.Қабылов.
Ал, "Теміржол, әуе және теміржол көлігіндегі тәртіпті қадағалайтын Көліктегі ішкі істер департаментінің қызметкерлері қоғамдық орында темекі тартқан адамға неше теңге көлемінде айыппұл сала алады?" деген сұраққа ведомство: "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 441-бабы бойынша жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салуды бұзғандарға тиісті әкімшілік жауапкершіліктер белгіленген. Атап айтқанада, Қазақстан Республикасының заңнамасында темекi шегуге тыйым салу белгiленген жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегу - жеке тұлғаларға үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (6363 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады; Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет - жеке тұлғаларға алты айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (12726 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады; Жұмыс берушiнiң темекi шегу үшiн арнайы орындар бөлудi көздейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы, сондай-ақ бұл үшiн арнайы белгiленбеген орындарда темекi шегушiлерге шаралар қолданбауы лауазымды адамға - он (21210 теңге), заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (84840) айыппұл салуға әкеп соғады", деп жауап берген.
Ал, "Астана Экспо-2017" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі Экспо көрмесіндегі Монако павильонының комиссары Джульен Селларио Қазақстаннан Монакоға кетіп қалғанын жеткізді.