Астана жолдарында жүретін полиция жасақтарының саны артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сонымен қатар жолда жүру ережелерінің бұзылуының алдын алу мақсатында 25 және 27 шілде аралығында Астанада «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы өтеді, деп хабарлады Астана қ. ІІД Жергілікті полиция қызметінен.

«Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы аясында Жергілікті полиция қызметі бірқатар рейдтік және алдын алу шараларын өткізуді жоспарлаған.

Негізінен жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуын анықтауға және оған тосқауыл болуға назар аударады.  Шара кезінде  автожолдардағы патруль жасақтарының жиілігі артады. 

Астанада жыл басынан жол-патрульдік полиция полкі жолда жүру ережелерін бұзудың 77 мыңнан астам фактісін анықтады. Соның 70 мыңын жүргізушілер бұзған.  Белгіленбеген жерден жолда өткен 7 мыңға жуық жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.