Ең мықты шахматшылар марапаттарға ие болып, рекордтық 40 миллион теңге жүлде қорын өзара бөлісті. Айта кетерлігі, бұл сома аясында балаларға да, әйелдер мен шахмат ардагерлеріне де арнайы жүлделер қарастырылған.
Турнирдің А категориясы бойынша жеңімпазы – Үндістанның дарынды шахматшысы Адитья Миттал, ол 4 млн теңгенің сертификатымен марапатталды.
Турнирдің «күмісін» украиналық гроссмейстер Александр Моисеенко (3,5 млн), ал Израиль спортшысы Евгений Алексеев (3 млн) «қоланы» қанжығасына байлады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 11-19 шілдеде өткен «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Фестиваль әлемнің 16 елінен 800-ден астам шахматшының басын қосты.
«Астана жұлдыздарының» ерекшелігі мен маңызы – «FIDE ұйымдастырушысы» атағына арналған семинар. Мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.
Айта кетсек, Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстанда шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысына қол қойды.