Әкімдіктің мәліметінше, орталық жылу жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлердің қатарында «Араби», «Адина», «Ақ Отау», «Шұғыла», «Көктал», «Аспан Парк Орман Парк», «Қорғалжын» тұрғын үй кешендері, сондай-ақ Е-496 көшесіндегі 10, 10/1, 10/3 және Омаров көшесі, 23/1 мекенжайларындағы тұрғын үйлер бар.
— Көппәтерлі тұрғын үйлерді орталықтандырылған сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне қосу құрылыс салушылар тарапынан берілген техникалық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Қажетті инженерлік желілерге қосылмаған көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беруге жол берілмейді, — делінген жауапта.
Сонымен қатар Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сәйкес, бүгінде елорда тұрғындары орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, оның ішінде су, жылу және кәріз желілерін салу мен реконструкциялау жұмыстары бекітілген бас жоспарға және көзделген бюджеттік қаржыландыру шегінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Бұған дейін, Тұрғын үй сертификаты кімдерге беріледі және үй алуда нені ескеру керек екенін жазғанбыз.
Сонымен қатар апатты тұрғын үйлерді реновациялауға жаңа кепілдік тетігі енгізілді.