АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 16 жастағы Әмір Омарханов Астанада өтіп жатқан ITF M25 турнирінің екінші айналымына шықты.
Жасөспірімдер арасында әлемнің 15-ракеткасы Әмір Омарханов өткен аптада Президент кубогі үшін челленджер жарысында екінші айналымға шыққандықтан, ATP рейтингісіне алғаш рет кіріп, 1349-орынға жайғасқан еді.
Бұл жолы Әмір әлемнің 465-ракеткасы, 20 жастағы ресейлік Илья Симакинмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Омарханов 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде ресейлік теннисші есе қайырды — 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Әмір жеңісті жұлып алды — 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 22 минутқа созылды.
Әмір Омарханов келесі кездесуінде әлемнің 789-ракеткасы, қытайлық Ван Аожаньнан айласын асырса, ширек финалға өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Варшавада камбэкпен келесі айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко Финляндиядағы Тампере турнирін жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).