15:07, 25 Қыркүйек 2013
Астанада 204 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада «Нелегал» жедел алдын алу іс-шарасы аясында 204 шетел азаматы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 9 адам сот шешімімен елден аластатылды. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Нелегал» жедел алдын алу іс-шарасы елордада заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету, сондай-ақ, шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын сақтауын бақылауды қамтамасыз ету, қала аумағында заңсыз жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында 23-27 қыркүйек аралығында өтуде. Іс-шара аясында полицейлер шетелдіктер топтасып тұратын және жүретін орындарға базарларға, құрылыс нысандарына, көлік тұрақтарына, тұрғын үй және саяжай алқаптарына, жатақханаларға рейд жүргізеді. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану, халыққа қызмет көрсету орындары: мейрамханалар, дәмханалар, көлік жуу, ТҚС, көкөніс павильондары, қонақ үйлер тексеріледі. «Нелегал» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері 150-ден астам нысанды тексеріп шықты. Соның ішінде базарлар, сауда орындары, пәтерлер мен жеке меншікті үйлер, саяжай учаскелері, жатақханалар, құрылыс алаңдарын тексеру барысында 204 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 9 адам сот шешімімен елден аластатылды», - делінген таратылған ақпаратта. Мұнымен қоса, Астана қаласының қабылдағыш-таратқышына 60 шетелдік тұлғасын анықтау үшін жеткізілді. 15 адамның Қазақстанда болу мерзімі қысқартылды. Ведомствоның хабарлауынша, көші-қон заңнамасын өрескел бұзғаны үшін шетел азаматтарына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.