Астанада 24 мектеп ашылды, оның 16-сы – жайлы мектеп
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елордадағы жаңа мектептердің ашылуы туралы жазды.
- Тағы төрт жайлы мектеп аштық. Олар Сарайшық, Есіл, Нұра аудандарында орналасқан. Жаңа үлгідегі тағы бір мектепті бір ай ішінде ашамыз. Осылайша, ашылған жайлы мектептердің жалпы саны – 16. Оқу жылының басынан бері барлығы 24 мектеп салдық, - деді әкім.
Ол жайлы мектептер Мемлекет басшысының ұлттық жобасы аясында салынып жатқанын атап өтті.
Мәселен, «Отау» шағын ауданында (Сарайшық ауданы) мектеп болған жоқ. Балалар басқа оқу орындарына баруға мәжбүр болды. Енді мұнда 4 мың оқушы орнына (екі ауысымды) арналған мектеп ашылды. Бұл мектеп сондай-ақ №63 мектептің шамадан тыс толып кету мәселесін шешеді.
Ал Қорғалжын тасжолы, 127 мекенжайында орналасқан жаңа оқу орны тығыздылығы жоғары №90 мектептің қиындығын шешеді.
- 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматта барлығы 24 мектеп салынады. Олардың 16-сы дайын. Жайлы мектептер екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл оқу орындары қаланың барлық ауданында орналасқан. Біз сол сияқты алдағы жылдарға да дайындалып жатырмыз. Мәселен, 2025 жылы 20-ға жуық мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы 28 ауылдық мектеп пайдалануға берілетіні туралы жазған болатынбыз.