«Жайлы мектеп»: Жыл соңына дейін 28 ауылдық мектеп пайдалануға беріледі

мектеп салу
Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы 28 ауылдық мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жауабында айтылған.

«Бүгінгі таңда республикада 5 084 ауылдық мектеп жұмыс істейді. 2024 жылы республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты, сондай-ақ демеушілік қаражат есебінен ауылдық елді мекендерде 28 596 оқушыға арналған 54 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі күні 2 ауысымда 15 800 оқушыға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін 2 ауысымда 12 796 оқушыға тағы 29 мектепті пайдалануға беру жоспарланған», - деді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, бұл 8 540 оқушы орнына шақталған 15 апатты және 7 үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа биыл «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 35 600 оқушыға орналған 44 ауылдық мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 12 900 мың оқушыға арналған 16 мектеп пайдалануға берілді және жыл соңына дейін 22 700 оқушыға арналған 28 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«2024 жылы 189 ауылдық мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 158 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 31 мектепте жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар
telegram