Астанада 262 500 теңгенің қарақшылық дискілерін сатқан бес азамат ұсталды

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 29 наурызында елордалық құқық қорғау қызметкерлері авторлық құқықтың сақталуы үшін кезекті тексерулерін базар аумақтары мен сауда үйлерінің маңында жүргізді.

Бұл туралы Астана қаласы Әділет департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды astana.kzсайты.

«Контрафакт» деп аталатын шұғыл-алдын алу іс-шарасы «Шанхай» базары аумағы мен «Артем», «Встреча», «Гүлжан» сауда үйлерінде жүргізілді. Тексеру барысында қарақшылық өнімдер сатумен айналысқан бес азамат ұсталды. Олардан 262 500 теңгенің 875 аудио және бейне-дискілері тәркіленді», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін 2013 жылдың 21 наурызында осындай «Контрафакт» шұғыл алдын алу іс-шарасы кезінде елордада 4 аудио-бейне өнімдерді заңсыз сататын орын анықталған болатын. Олардан 289 200 теңгенің 964 қарақшылық DVD-дискілері тәркіленді. Ұсталған азаматтардың барлығы да 20 мен 25 жастың аралығындағы ҚР азаматтары.