Астанада 292 үлескерді алдап, 4 млрд теңгеден астам шығын келтірген күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада көпқабатты тұрғын үй кешенін саламыз деп 292 азаматтан ақша жинаған топқа қатысы бар күдікті Шымкентте қолға түсті. Келтірілген шығын 4 млрд теңгеден асады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Polisia.kz мәліметінше, астаналық полицейлер халықаралық іздеуде жүрген 45 жастағы ер адамды Шымкентте ұстаған.

Тергеу деректеріне қарағанда, күдікті бір топ адаммен бірге азаматтардың сеніміне кіріп, оларды алдау арқылы Астанадағы көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына қаражат тартқан. Алайда құрылыс қажетті рұқсат құжаттарынсыз және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілген.

Қылмыстық іс бойынша 292 үлескердің зардап шеккені анықталды. Жалпы шығын көлемі 4 млрд теңгеден асады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің ұзақ уақыт бойы Шымкентте жасырынып жүргені белгілі болды. Ол полициядан бой тасалау үшін жалдамалы пәтерлерін жиі ауыстырып отырған.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда 34 млн теңгенің алтынын алдап алған екі күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.