Астанада 6 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде көлеңкелі экономиканың кең таралған түрлерінің бірі — азаматтарға миллиондаған теңге көлемінде шығын келтіретін қаржы пирамидалары. Әдетте, қаржы пирамидаларына оңай олжаға кенелуді көздейтін әртүрлі жастағы азаматтар тартылады.

Фото: ҚМА

Бұл туралы Астана қаласы прокурорының көмекшісі Аслан Мәди мәлімдеді.

— Жыл басынан бері қала аумағында алты қаржы пирамидасының «WYP.KZ», «Sinsera Systems», «Life is Good», «Sirius Energy», «World Business Consulting», «Buyers Union» қызметі тоқтатылды, — деді ол Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «WYP.KZ» интернет-дүкеніне қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын айтты.

Алаяқтықтың негізгі тәсілі — «iPhone» маркалы ұялы телефондар мен басқа да түрлі техниканы нарықтағы бағадан төмен сату болған. Алайда ұйымдастырушылар тауарларды нарықтағы нақты бағасымен сатып алған.

— Жаңадан келген сатып алушылардан түскен қаражат бұрынғы клиенттер алдындағы міндеттемелерді орындауға жұмсалған. Алайда тапсырыстар санының артуы мен айналым қаражатының жетіспеушілігі салдарынан кейінгі сатып алушылар алдында берешек пайда болған, — деді Аслан Мәди.

Бұдан бөлек, интернет-дүкен басшылары жаңа клиенттерді тарту мақсатында арнайы жүйе ұйымдастырған. Бұл жүйе бойынша олардың промокоды арқылы келген әрбір сатып алушы үшін белгілі бір мөлшерде сыйақы есептеліп отырған.

Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша 200-ден астам азамат жәбірленуші деп танылған. Оларға келтірілген жалпы шығын көлемі 216 миллион теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, 90 мың адамнан 25 млрд теңге жинаған қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды.