90 мың адамнан 25 млрд теңге жинаған қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда Asar Baspana қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты. Тергеу барысында компанияның 90 мыңға жуық азаматтан жалпы 25 млрд теңге жинағаны анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, ұйымдастырушылар салымшыларға ай сайын 30 пайызға дейін табыс түсетінін уәде еткен. Сонымен қатар құрылыс материалдары, тігін өнімдері, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыттар жұмыс істеп тұрғаны туралы жалған ақпарат таратқан.
Алайда іс жүзінде аталған өнімдер басқа жеткізушілерден сатып алынып, Asar Baspana логотипімен таңбаланған.
2024 жылғы желтоқсанда пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде ұйымдастырушылар автомагазиндер ашылып, дилерлермен келісім жасалғаны туралы тағы да жалған мәлімет таратқан. Сот материалдарына сәйкес, көліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, туыстарының атына рәсімделген.
— Сот үкімімен Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушы 7 жылға сотталды. Ал үш өңірлік жетекшіге 5 жылға шартты жаза тағайындалды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар жалпы құны 5,6 млрд теңге болатын бұғатталған активтер жәбірленушілердің шығынын өтеуге жұмсалады. Қалған мүлік мемлекет кірісіне өткізіледі.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 25 миллиард теңге тартқан қаржы пирамидасының басшысы сотталғанын хабарлаған едік.