АИТВ инфекциясының таралуына қандай факторлар әсер етеді? Оның алдын алу үшін не істеу керек? Ал инфекцияны жұқтырған адам қандай көмек ала алады?
Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Астана қалалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева айтып берді.
Маманның сөзінше, АИТВ — адамның иммун тапшылығы вирусы. Ол адам ағзасына түскеннен кейін иммундық жүйенің жасушаларын зақымдап, қорғаныш қабілетін әлсіретеді. Соның салдарынан ағза түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетінен айырыла бастайды.
— Елордада инфекция жұқтырғандар саны жыл сайын тұрақты тіркеліп келеді. Мәселен, биыл тоғыз айда Астанада 280 адамнан АИТВ анықталған. Ал былтыр осы кезеңде 281 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш тек Астана тұрғындарын қамтымайды. Кейбір адамдар арнайы тексерілу үшін басқа өңірлерден елордаға келеді. Сондай-ақ арасында кездейсоқ тексеруден өтіп, инфекция жұқтырғанын білетіндер де бар. Сондықтан тіркелген жағдайлардың бәрін тек қала тұрғындарына қатысты деп қарастыруға болмайды, — деді Айжан Жайлаубаева.
АИТВ қандай жолдармен жұғады?
Маман инфекцияның таралуына әсер ететін негізгі себептердің бірі — адамдардың қауіп-қатерді біле тұра, қорғаныш құралдарын пайдаланбауы екенін атап өтті. Оның айтуынша, АИТВ тек үш жолмен беріледі: қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде, қан арқылы және жүктілік, босану немесе емізу кезінде анадан балаға жұғуы мүмкін.
— АИТВ басқа тұрмыстық қарым-қатынас арқылы берілмейді. Мысалы, бір ыдыстан тамақ ішу, бір бөлмеде отыру, амандасу немесе адамның жанында түшкіру арқылы жұқпайды. Бұл жөнінде қоғамда әлі де қате түсініктер бар. Сондықтан инфекцияның нақты таралу жолдарын түсіндіру маңызды, — деді ол.
Спикер сөзінше, Астанада биыл тоғыз айда анықталған жағдайлардың 91 пайызы қорғалмаған жыныстық қатынаспен байланысты. Ал қан арқылы жұқтырғандардың басым бөлігі есірткі тұтыну кезінде инфекция жұқтырған.
Сонымен қатар маман стоматологиялық және косметологиялық қызметтер кезінде АИТВ жұғады деген ақпаратқа да түсініктеме берді.
— Кейде адамдар стоматологиялық немесе косметологиялық процедуралар кезінде инфекция жұқтыруы мүмкін деп алаңдайды. Алайда ресми деректерде мұндай жағдайлар тіркелмеген. Себебі бұл салаларда санитариялық талаптар қатаң сақталады. Құралдар бір реттік немесе тиісті деңгейде залалсыздандырылған болуы керек. Сондықтан дәлелсіз ақпарат таратып, адамдарды негізсіз қорқытуға болмайды, — деді Айжан Жайлаубаева.
Инфекцияның алғашқы белгілері қандай?
АИТВ-ның қауіпті тұстарының бірі — адам ағзасында вирус болғанымен, ұзақ уақыт бойы оны сезбеуі мүмкін. Инфекция жұқтырған адам өзін қалыпты сезініп, вирустың бар екенін білмей жүре береді. Бұл өз кезегінде инфекцияның таралу қаупін арттырады.
— Иммундық жүйе өз қызметін дұрыс атқара алмаған кезде адам жиі ауыра бастайды. Кейбір науқастар бір аурудан емделіп шыққанымен, көп ұзамай қайта сырқаттанады. Дене қызуы ұзақ уақыт түспей, айлап мазалайтын жағдайлар да кездеседі. Сондай-ақ іш өту, салмақ жоғалту, денеде бөртпе пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл белгілердің барлығы әр адамда әртүрлі көрінеді. Кейбірі ешқандай белгі байқамай, тек қан тапсырған кезде ғана инфекция жұқтырғанын біледі, — деді маман.
Сондықтан АИТВ-ны анықтаудың сенімді жолы — арнайы тест тапсыру. Әсіресе инфекция жұқтыру қаупі болған жағдайда тексеруден уақытылы өту маңызды. Өйткені белгілердің болмауы адамның сау екенін білдірмейді.
АИТВ жұқтырған адам қандай көмек ала алады?
Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, инфекция анықталған адам ең алдымен дәрігерге жүгініп, емді уақытында бастауы керек. Өйткені вирус ағзадағы иммундық жасушаларға еніп, сол жерде көбейеді. Ал арнайы ем вирустың көбеюін тежеуге мүмкіндік береді.
— Адам өзінің АИТВ жұқтырғанын білген жағдайда, ең алдымен, өзгелерге инфекция жұқтырмау үшін жауапкершілік танытуы керек. Ол үшін дәрігер тағайындаған емді уақытылы қабылдау қажет. Вирус ағзадағы жасушаларға еніп, сол жерде көбейеді. Сондықтан емді кешіктірмей бастаудың маңызы зор. Егер адам инфекцияны өзгеге әдейі жұқтырса, оның әрекеті заң аясында қаралады, — деді ол.
Маман АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың денсаулығын бақылауда ұстап, емді үзбей қабылдауы маңызды екенін атап өтті. Уақытылы емделу вирустың көбеюін тежеп, иммундық жүйені сақтауға көмектеседі.
Бұдан бөлек, елордада инфекцияның алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Мамандар мектептерде, соның ішінде 8-сыныптан бастап, түрлі мекемелер мен ұйымдарда кездесулер өткізіп, АИТВ-ның таралу жолдары мен сақтану шараларын түсіндіреді.
Айта кетейік, бұған дейін күз мезгілінде қандай вирустар таралатыны және олардан қалай сақтануға болатыны туралы жазған едік.