Астанада алаяқ бойжеткендер пәтер жалдайтындардың ақшасын иемденіп кеткен
Астана полицейлері азаматтарды алдап кеткен 18 және 19 жастағы екі бойжеткенді ұстады. Қазір ҚР ҚК-нің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында белгілі болғандай, екі бойжеткен сайттарға қала орталығынан «тиімді бағаға жайлы пәтер жалға беретіні» туралы жарнама жариялаған. Алайда оған қосқан пәтердің суретін басқа жарнамалардан алған.
Тергеуде бойжеткендердің Астанада осындай алты қылмыс жасағаны анықталды. Зардап шеккен азаматтар 30 мыңнан 100 мың теңгесінен қағылған.
Күдіктілер осыған ұқсас айламен басқа да адамдарды алдап кеткен болуы ықтимал. Сондықтан полиция мұндай жағдайға тап болған азаматтарды Алматы аудандық ІІБ-ге қарасты аудандық полиция бөліміне келіп шағым беруін немесе 8 (7172) 972-888, 972-889, 972-900, 972-901, 972-883 телефон нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.