Астанада әлеуметтік қызмет көрсету көлемі 3,2%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы қалалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов айтты.

Фото: Kazinform

– 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанада әлеуметтік мемлекеттік қызмет көрсету көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға артты. Осы кезеңде зейнетақымен қамсыздандыру және мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау саласында 63 398 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Олардың ең көп үлесі зейнетақы төлемдерін тағайындауға тиесілі. Жарты жылда бұл бағыт бойынша 18,8 мың қызмет көрсетілді, - деді спикер.

Сонымен қатар оның сөзінше, балалы отбасыларға 24,7 мың жәрдемақы, мүгедектікке және асыраушысынан айырылуына байланысты 10,2 мың жәрдемақы тағайындалған. Бұдан бөлек, инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік төлеу бойынша 5 мың шешім қабылданған.

Департамент басшысының айтуынша, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары бойынша да оң динамика байқалып отыр.

Ведомство көрсетілген қызметтер санының артуын мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесімен байланыстырады.

Айта кетейік, Астанада зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдеді.