Астанада «Анна Каренина. Роман парақтары» спектаклінің премьерасы өтті

АCТАНА. KAZINFORM - Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Анна Каренина. Роман парақтары» атты хореодраманың премьерасы өтті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, спектакль әлем әдебиетінің жауһары Л.Толстойдың «Анна Каренина» романының негізінде сахналанған. Спектакльдің жанры – хореодрама.

Бұл жанр драмалық әрекетті қимыл-қозғалыс, пластика және музыкалық шешімдер арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Қойылымда автордың адам болмысы, қоғам мен жеке тұлға арасындағы қайшылықтар туралы терең философиялық ойлары заманауи сахна тілінде ұсынылады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Басты рөлдерді екі құрамда театрдың танымал әртістері мен жас актерлер сомдайды.

Сахналық нұсқасының авторы әрі қоюшы режиссері – Рача Махатаев, қазақ тіліне аударған – Қымбат Елубаева.

Айта кетейік, Астанада жасанды интеллектінің көмегімен жасалған алғашқы спектакль қойылды.