Астанада ауа райына байланысты қала маңы автобустары тоқтатылды

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ауа райына байланысты бірқатар қала маңы бағыттарының қозғалысы тоқтатылғаны белгілі болды. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы мәлім етті.

— 2026 жылғы 13 қаңтар сағат 20:00–дегі мәліметке сәйкес, ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласында № 305, 308, 309, 310, 312, 315, 316, 327, 328 және 329 қала маңы автобус бағыттарының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Қалған қала маңы бағыттары қалыпты режимде қатынап жатыр, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы бұзылып, көлік қозғалысы шектеліп жатыр. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» қазіргі уақытта жабылған жолдар туралы ақпарат ұсынған еді.

Сонымен қатар ертең Астанада 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқитыны айтылды.