Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты дрон-шоу өтпейді

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 19 желтоқсан күні Астананың алты ауданында жаңа жылдық шыршаларды жағу шарасы өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі хабарлады.

Осыған дейін мерекелік бағдарлама аясында дрон-шоу ұйымдастыру жоспарланған еді, алайда ауа райының қолайсыздығына және мамандардың ұсынымына байланысты ол кейінге қалдырылды.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Астанада қар жауып, бұрқасын болуы, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық құралдарды сақтау мақсатында дрондардың ұшуы уақытша тоқтатылды.

Айта кетерлігі, қалған мерекелік іс-шаралар жоспарға сәйкес өтеді. Биыл елордадағы жаңа жылдық бағдарлама «Ертегі Fest» атты бірыңғай ертегілік стильде ұйымдастырылып отыр.

Қаланың алты ауданында бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылады. Барлық алаңда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары және өзге де мерекелік орындар жұмыс істейді.

Негізгі алаңдардағы концерттік бағдарламалар сағат 17:30-да басталады. 

Айта кетелік Астанада шырша шамын жағатын кезде «Астана Арена» маңында қозғалыс шектеледі