Астанада ауаның ластануының ең жоғары деңгейі тіркелді

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 2 желтоқсанында елордадағы ауа ластануының деңгейі рұқсат етілген нормадан асып, сын көтермейтін деңгейге жетті, деп хабарлайды экологтар. Практик экологтар қауымдастығы басқармасының төрайымы Лаура Мәлікова Kazinform агенттігінің тілшісіне ауа ластану себебі мен ықтимал шешімдер туралы айтып берді.

– Таңғы сағат 6-да ауа сапасының индексі (AQI) 131 болды – бұл халықаралық деректер бойынша ластану көрсеткішінің ең жоғары деңгейі, – деді эколог Лаура Мәлікова.

Ал рұқсат етілген норма 0-50 аралығында, 51-100 көрсеткіштері кезінде ауа сапасы қанағаттанарлық деп есептелгенімен, кейбір сезімтал топтар үшін қауіпті болуы мүмкін. 100-ден жоғары деңгей ауаның қатты ластанғанын білдіреді.

«Қазгидромет» РМК өкілдерінің хабарлауынша, 2 желтоқсанда 00:00-17:00 аралығында Астанада №8 және №10 бекеттерінде рұқсат етілген концентрациялардан асып кету тіркелді: Көктал-1-де күкірт сутегінің деңгейі 2,1 РЕК-ға жеткен, ал ЕҰУ ауданында қатты бөлшектердің концентрациясы бойынша асып кету байқалды. Тұман, жауын-шашын және әлсіз жел сияқты метеорологиялық жағдайлар ауада зиянды заттардың жиналуына ықпал еткен.

– Негізгі себеп – жылыту маусымында көмірді жағу. Желсіз күндері жағдай айтарлықтай нашарлайды. Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс өңірлері бұл кезеңде көмір пайдаланады. Ал Астанада тіпті Қырғызстан мен көршілес елдер сатып алмайтын ең төмен сапалы көмір жағылады. Бұл – күл мөлшері 42% болатын Екібастұз көмірі. Энергетикалық және экологиялық тұрғыдан бұл өте тиімсіз отын, – дейді Лаура Мәлікова.

Оның айтуынша, мұндай ауа ластануы денсаулыққа, әсіресе демікпесі барларға, аллергиясы бар адамдарға және балаларға елеулі қауіп төндіреді.

– Мұндай күндері оффлайн-сабақтардан бас тартқан жөн. Сабақтар онлайн форматта өтуі тиіс. Терезені ашуға болмайды. Сыртқа баруды барынша азайту керек, ал шығуға мәжбүр болсаңыз, міндетті түрде арнайы маска кию қажет. Сондай-ақ AirKZ қосымшасындағы және смартфондағы ауа райы болжамы бөлімінде көрсетілетін ауа сапасы индексі мен ұсыныстарды бақылап отыру маңызды, – деп кеңес берді эколог.

Маманның айтуынша, мұндай жағдай Астанада алғаш рет болып отырған жоқ. 2017 жылдың желтоқсанында екі күн бойы қаланы қалың түтінді тұман басқан. Сол кезде де, қазір де негізгі себеп – көмір жаққанда бөлінетін PM2.5 ілеспе бөлшектері.

Спикер осы оқиғалардан кейін билік елорданы газдандыру туралы шешім қабылдағанын айтып жатыр. 2018 жылдың басында «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы басталды, бүгінде газ жеке секторға тартылып, шамамен 60% үйді қамтып отыр.

– Елорданы толық газдандыруды жеделдету қажет. Сондай-ақ өзен жағалауы бойындағы ескі үйлерді сүріп тастау маңызды. Қазір жаңа көпқабатты үйлердің қасында әлі де көмір жағатын жеке үйлер бар. Мұндай аудандарда терезе ашу мүмкін емес, – дейді маман.

Л.Мәлікованың айтуынша, жасыл желектер мен саябақтардың да санын арттыру керек. Бұл ұсыныс Астананың бас жоспарына өзгерістер талқыланғанда қала тұрғындары тарапынан жиі айтылды. Ұсынылған қадамдардың барлығы денсаулыққа төнетін қауіптерді азайтуға және әлеуметтік саладағы болашақ шығындарды қысқартуға ғана емес, елорданың туристік тартымдылығын арттыруға да бағытталған.

Айта кетейік, Қазгидромет 3 желтоқсанда ауа райына байланысты бірқатар өңірде ескерту жариялады.