Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне екі күнде 50 мың адам барды

АСТАНА. KAZINFORM — 17 және 18 қазан күндері Астанада Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері қатысқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Екі күн ішінде жәрмеңкеге 50 мыңнан астам адам келді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Елордаға 1600 тоннадан астам өнім жеткізілді. Оның ішінде ет және сүт өнімдері, көкөністер, жемістер, бал, азық-түлік тауарлары және басқа да өнімдер ұсынылды.

Үш өңірдің өндірушілері жәрмеңкеге 300 тоннаға жуық ет және ет өнімдерін, оның ішінде сиыр, жылқы және қой етін әкелді.

Сонымен қатар қосалқы ет өнімдері, қазы мен қарта қолжетімді бағамен сатылды. Үйрек пен қаз етін де нарықтағыдан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік болды. Балық өнімдерінің де түр-түрі ұсынылды. Келушілер сазан, көксерке, форель және албырт балығын сатып ала алды.

Фото: Астана әкімдігі

— Мен жәрмеңкеге екі күн қатарынан келдім. Кеше көкөністер мен жемістер сатып алдым. Мұндағы бағалар дүкендерге қарағанда төмен. Пияз, картоп, ұн, сәбіз алдым. Бүгін ет алуға келдім. Еттің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда арзан, — деді елорда тұрғыны.

Сүт өнімдерінің де таңдауы мол болды. Үй сүті, айран, сүзбе, қаймақ, сары май және ірімшіктің түрлі сұрыптары тиімді бағамен сатылды.

— Біз Павлодар облысынан үйде дайындалған сары майдың екі түрін — тұздалған және тұздалмаған май әкелдік. Кеше 65 келі май саттым, ал бүгін небәрі екі сағаттың ішінде шамамен 15 келі май өтті. Біз жыл сайын елордаға өз өнімдерімізді әкелеміз. Адамдар дәмін татып көреді, ұнатады және қуана сатып алады, — деді Павлодар облысынан келген кәсіпкер.

Фото: Астана әкімдігі

Келушілер арасында Баянауыл мен Жаңаарқаның қымызы ерекше сұранысқа ие болды. Сондай-ақ сатып алушылар Ұлытау облысынан әкелінген тұзды құртты да белсенді түрде сатып алды. 

— Ең дәмді қымызды Жаңаарқадан табуға болады. Біз бір литрін 1700 теңгеге сатып алдық. Табиғи өнім, дәмі өте керемет, — деп бөлісті астаналық тұрғын.

Жәрмеңкеде балдың түрлі сұрыптары мен күнбағыс майы да ұсынылды.

Бұдан бөлек, Павлодар облысының өндірушілері үй жағдайында дайындалған шұжықтар мен ірімшіктердің кең ассортиментін ұсынды. Көкөністер мен жемістерге де сұраныс жоғары болды. Сауда сөрелерінен алма, алмұрт, құрма, банан, жүзім, мандарин және апельсин табуға болатын еді.

— Қарбыз бен екі қауын сатып алдым. Өте үлкен екен, дәмді болады деп ойлаймын. Бағалары да жақсы. Жақында қарбыз бен қауынды жәрмеңкелерден де, дүкендер мен базарлардан да табу қиын болады. Маусым аяқталып келе жатқандықтан, адамдар сатып алып үлгеруге тырысып жатыр, — деді елорда тұрғыны. 

Сонымен қатар жәрмеңкеде жидектердің түрлі түрлері мен шайдың кең ассортименті сатылды. Атап айтқанда, көк шай, қара шай, шөп шайы, жеміс және зімбір шайлары, сондай-ақ түрлі шөп қоспалары ұсынылды.

Фото: Астана әкімдігі

Кәсіпкерлер дайын өнімдерді де әкелді. Олардың қатарында үй жағдайында дайындалған салаттар мен түрлі пісірілген нан-тоқаш өнімдері болды. Азық-түлік тауарларымен қатар келушілерге қолөнер бұйымдары да ұсынылды. Шеберлердің бірі жәрмеңкеге ағаштан жасалып, қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген домбыраларды алып келді.

Келушілер үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жәрмеңке елорда тұрғындарына отандық сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға, ал өңірлік өндірушілерге өз тауарларын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді.

Бұған дейін Астанада Atyrau Creative Days жәрмеңкесі ашылғанын жаздық.