Қала әкімдігі сайтының хабарлауынша, рейд нәтижесінде «Сарыарқа» ауданы ІІБ ЖПҚ табиғат қорғау полициясының қызметкерлері Жеңіс даңғылында орналасқан дәмхананың иесін ғимарат маңындағы аумақты қатқан мұздан дер кезінде тазаламағаны үшін ҚР ӘҚБК 505 б. 1 б. бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Кәсіпкерге 30 АЕК мөлшерінде (63 630 теңге) айыппұл салынды.
Сондай-ақ, «Алматы» ІІБ ЖПҚ полиция қызметкерлері Момышұлы даңғылындағы «Тұран» мейрамханасына тиесілі аумақтан үйілген қарды уақытында тазалап, шығармағаны үшін жеке кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Оған 63 630 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Табиғат қорғау полициясының қызметкерлері тиесілі аумақты қоқыстан, қар мен мұздан тазалау бойынша жұмысты уақытылы жүргізбеу және сапасыз орындау, жұмыстарды ұйымдастырмау фактілері анықталса, заң бұзушылар ҚР ӘҚБК 505 бабы «Абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.