Астанада автотұрақта тұрған бес көлік өртенді

АСТАНА. KAZINFORM – Астананың Сарайшық ауданында тұрғын үй кешенінің жанындағы автотұрақта бес жеңіл автокөлік өртенді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Оқиға А. Байтұрсынұлы көшесінде болған.

Құтқарушылардың алғашқы бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде, көліктердің барлығы ашық жалынмен жанып жатқан. Қатты желдің салдарынан жалын бір-біріне жақын тұрған көліктерге тез тараған.

– Оқиға орнына өрт сөндірушілер 7 минут ішінде жетіп, өртті жедел түрде сөндірді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қатты жел кезінде оттың таралуы өте жылдам болуы мүмкін. Өрт белгілерін байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарласыңыз, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері елордада 102 автокөлік өртенгенін хабарлаған. Мамандардың мәліметінше, көліктегі өрттердің 85%-ы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болады.