Оның айтуынша, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 60-тан астам кәсіпкер анықталған.
Заңға сәйкес, аталған өнімдерге қосылатын сауда үстемесі өндірушінің сату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауға тиіс.
Биыл 1 қаңтардан бастап бұл талапты алғаш рет бұзғандарға ескерту берілмей, бірден айыппұл салынады. Оның мөлшері жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 35 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 150 АЕК болып белгіленген. Заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.
Департамент мәліметінше, 162 әкімшілік істің 135-і сауда үстемесін асыруға, 20-сы баға белгілеріне қойылатын талаптарды бұзуға, жетеуі базарларды жаңғырту талаптарын сақтамауға қатысты.
Қазір елордадағы ірі сауда желілерінде, базарлар мен үй маңындағы дүкендерде азық-түлік бағасы апта сайын бақыланады.
– Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, бүкіл сауда тізбегінің ашықтығын қамтамасыз ету. Біз өнімнің өндірушіден соңғы сатушыға дейінгі қозғалысын қадағалап, бағаны негізсіз көтеруге жол берген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты шаралар қабылдаймыз, – деді Еркебұлан Тағашов.
Сондай-ақ елордада бағаның негізсіз өсу себептерін анықтайтын өңірлік комиссия жұмыс істейді. Жыл басынан бері комиссияның 90 отырысы өтіп, 150-ден астам заңбұзушылық анықталған.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 126 кәсіпкердің жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.