СҚО-да азық-түлікті негізсіз қымбаттатқан 126 кәсіпкер жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асырған 126 кәсіпкер жазаланды.
СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, биылғы он айда сауда саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапқа тартылған кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 135-ке жетті.
Заңбұзушылықтар бірінші сұрыпты бидай ұны, күріш, қарақұмық жармасы, тауықтың сан еті, сары май, күнбағыс майы мен көкөністерді сату кезінде анықталған.
- Қазақстан заңнамасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатудағы сауда үстемесі 15% аспауға тиіс. Алайда жүргізілген тексерулер кезінде бірқатар кәсіпкердің бұл талапты сақтамағаны анықталды. Биыл 19 қазаннан бастап ішкі сауда қағидаларына өзгеріс енгізілді. Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тасымалдауға нақты жұмсалған шығындар құжатпен расталған жағдайда, оларды сауда үстемесіне қосуға рұқсат етіледі. Ал тауарды өткізуге байланысты басқа шығындар белгіленген үстеме шегінде ескерілуі керек, - дейді департамент басшысының орынбасары Ғалымжан Абаев.
Талапты бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Оның мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 5-150 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Егер құқықбұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10-300 АЕК-ке дейін өседі.
- Тауар бағасының қай кезеңде өсетінін анықтау үшін облыс әкімдігі жанында делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Комиссия жұмысына жергілікті атқарушы органдардың, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, мемлекеттік кірістер және экономикалық тергеп-тексеру органдарының, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық департаментінің өкілдері қатысады. Нәтижесінде, үш ірі сауда желісі, 15 көтерме жеткізуші және үй маңындағы дүкендер әкімшілік жауаптылыққа тартылды, - дейді Ғалымжан Абаев.
Бұған дейін Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 80 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік.