Қазақстандық команданың құрамында 5 полиция қызметкері болды, олардың халықаралық деңгейдегі түрлі спорт түрлері бойынша алған жетістіктері жетерлік. Команданы полиция подполковнигі, ІІМ Орталық аппаратының қызметкері, ҚР еңбегі сіңген спортшы, құқық қорғау органдары арасындағы әлемнің бірнеше дүркін чемпионы және рекордшысы, Еуропа чемпионы Серік Нұрғалиев бастады.
15-ші бүкіләлемдік полицейлер мен өрт сөндірушілер ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны 13 медальмен (5 алтын, 3 күміс және 5 қола) толықты. Оның ішінде екі алтынды өз командасына Серік Нұрғалиев салды (бенчпресс пен пушпуллифтинг).
Полиция майоры, Астана қаласының ІІД ЖПБ аға инспекторы, ҚР халықаралық спорт шебері Талғат Қожабаев Ойындарда 100 келіден артық салмақ дәрежесінде дзюдодан өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды, сонымен қатар абсолютті салмақта «алтынды» қанжығалады.
Сонымен қатар, Асқар Жандаров - полиция подполковнигі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері және құқық қорғау органдары арасындағы әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Белфасттағы бүкіләлемдік ойындарда грек-рим күресінен алтын, еркін күрестен - күміс және дзюдо, пушпуллифтинг, бенчпресс пен армрестлингтен қола жүлделердің иегері.
ШҚО ІІД «Арлан» арнайы жасағы бөлімінің инспекторы, ҚР спорт шебері Асхат Елубаев дзюдодан 90 келі салмаққа дейінгі дәрежеде алтын жүлдеге қол жеткізді.
Ойындардағы соңғы күмісті полиция капитаны, Алматы қ. ІІД қызметкері, Қр спорт шебері Әбдісанат Шарафов алды.