Астанада білім бөлімінің басшысы балабақшадан орын алып бергені үшін пара алған

Фото: Коллаж: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы парамен балабақшадан орын алып берумен айналысқаны әшкере болды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтты. 

— Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елордалық Білім басқармасының бөлім басшысын әшкереледі. Ол «INDIGO» цифрлық сервисін ысырып қойып, балаларды мемлекеттік балабақшаларға қабылдау мәселесін оңтайлы шешкені үшін бірнеше рет пара алды деп күдікке ілініп отыр, - деді ресми өкіл.

Сонымен қатар, бөлім басшысы өзінің лауазымдық өкілеттігінен асыра пайдаланып, іс жүзінде еңбек етпеген ұлын жеке балабақшаға жұмысқа орналастырған. 

Қазіргі уақытта бөлім басшысының ісі сотқа берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Антикор миллиардтаған долларлық инвестицияға қарамастан, ғылыми жобалардың 70%-дан астамы практикалық пайда әкелмей, мақалалар мен кітаптар шығарумен аяқталатынын әшкерелеген еді.