Астанада бір апта ішінде таеквондодан екі халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада маусым айының соңында Дүниежүзілік таеквондо федерациясының күнтізбесіне енген екі ірі халықаралық жарыс ұйымдастырылады.

Фото: Астана әкімдігі

22-23 маусым күндері Астанада Алтай таеквондо одағының тұңғыш чемпионаты – Altaic Taekwondo Championships өтсе, 25-27 маусым аралығында дәстүрлі Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирі өтеді.

Қос жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.

Алтай таеквондо одағының алғашқы чемпионаты ересектер мен жасөспірімдер арасында өтеді. G-1 санатындағы жарыста спортшылар әлемдік рейтингке қажетті ұпайларды сарапқа салады.

«Алтай таеквондо одағы 2025 жылы Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионаты кезінде құрылды. Ұйымға Алтай өңіріне кіретін он елдің ұлттық федерациялары бірікті. Оның басты мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жарыстар өткізу. Қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен ұйымның алғашқы президенті болып Қазақстан таеквондо федерациясының басшысы Кудрат Шамиев сайланды», – деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.

Ал 25-27 маусым аралығында өтетін Kazakhstan Open турниріне әлемнің 27 елінен 1106 спортшы қатысады деп күтіліп отыр.

Олардың қатарында Армения, АҚШ, Әзербайжан, Бахрейн, Беларусь, Канада, Үндістан, Иран, Иордания, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, БАӘ, Өзбекстан және басқа да елдердің спортшылары бар.

Kazakhstan Open турнирі Дүниежүзілік таеквондо федерациясының ресми жарыстар тізіміне енген. Жеңімпаздарға әлемдік рейтингтің 10 ұпайы, күміс жүлдегерлерге 6 ұпай, ал қола жүлдегерлерге 3,6 ұпай беріледі.

Сондай-ақ Астанаға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чо мен халықаралық ұйымдардың өкілдері келеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан 2026 жылы 20-ға жуық халықаралық жарысты қабылдайды.