Астанада британдық университеттің филиалы ашылды

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада шетел университетінің филиалы жұмысын бастады. Білім ошағын салтанатты ашу рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксворти, сондай-ақ университет басшылығы қатысты.

Кампус бакалавриат бағдарламалары бойынша 315 студент қабылдауды жоспарлап отыр. Бағыттары: компьютерлік ғылым, бизнес-басқару, азаматтық құрылыс, геология және пайдалы қазбаларды барлау. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Университет 1883 жылы құрылған, Ұлыбританияның жетекші зерттеу жоғары оқу орындары Russell Group қауымдастығының мүшесі. QS World University Rankings 2025 рейтингісінде 186-орында тұр. ЖОО түлектерінің қатарында медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мартин Эванс, саясаткер Нил Киннок және композитор Карл Дженкинс бар.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалы ашылды. Олар ядролық физика, геология, бизнес-басқару және компьютерлік ғылым саласында мамандар даярлап жатыр.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде шетелдік ЖОО-лардың филиалын ашудағы үш міндетті атады: 

— Біріншіден — Қазақстанды академиялық хаб ретінде қалыптастыру. Тек биылдың өзінде мықты университеттердің есебінен бізге 31,5 мың шетелдік студент келді; 

— Екінші міндет — аймақтық университеттерді зерттеу университеттеріне трансформациялау;

— Үшінші міндет — технологиялар трансферін дамыту.

Сондай-ақ ведомство басшысы бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатқанын қосты. Атап айтқанда, Аризона университеті мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Атырауда күкіртті полимерлер мен оптикалық материалдарға қайта өңдеу бойынша бірлескен зерттеулер жүргізіп жатыр. 

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Енді таланттарды жоғалтпай, мықты студенттердің бір бөлігін осында қалдырып, оларға әлемдік деңгейдегі білім беру мүмкіндігі бар, — деді Саясат Нұрбек.

Айта кетсек, Қазақстан шетелдік ЖОО филиалдарында оқуға гранттар бөледі. Министрдің айтуынша, барлығы 3000 грант бөлінген, оның ішінде 300 грант — Ұлыбритания университетіне бұйырды.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бұған дейін Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдарына қалай түсуге болатыны туралы жазған едік. 

Биыл елімізде шетелдік танымал университеттердің филиалдары қай қалаларда ашылатыны жайлы да жазған едік.