Астанада дәмханада тамақтанған екі бала ауруханаға түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жылдам тамақтану орнында ас ішкен екі бала қатты аллергиялық реакция салдарынан ауруханаға түсті. Бұл туралы балалардың бірінің анасы Threads әлеуметтік желісінде жазды.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Әйелдің айтуынша, тамақтанғаннан бірнеше сағат өткен соң баласының бүкіл денесіне қышитын бөртпе шығып, терісі қызара бастаған. Бөртпе тез таралған.

Жазба авторының сөзінше, аллергияға қарсы дәрі көмектеспеген соң, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Медицина қызметкерлері балаға преднизолон еккен. Сондай-ақ Квинке ісінуі пайда болуы мүмкін екенін ескерткен. 

Келесі күні аллергиялық реакция қайталанып, бала ауруханаға жатқызылған. Анасының айтуынша, кейінгі күндері де денесіндегі бөртпе мен қызару басылмаған.

Әйелдің айтуынша, ауруханаға дәл осындай белгілермен тағы бір бала түскен. Ол да Астанадағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан жылдам тамақтану орнында ас ішкен.

Осы жағдайға байланысты Kazinform тілшісі Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Басқарма екі балаға да медициналық көмек көрсетіліп жатқанын растады.

– Науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайлары тұрақты, оң өзгерістер байқалады, – деп хабарлады басқарма.

Еске салайық, 14 қазанда Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны хабарланған еді.

Кейін оқушылардың барлығы ауруханадан шығарылды.