Алматыда уланған РФММ оқушыларының барлығы емханадан шығарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Республикалдық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары үйге шығарылды.

уланған
Коллаж: Kazinform/ DALL-E

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған РФММ оқушылары емдеу курсынан өткеннен кейін үйлеріне шығарылған. Жалпы 12 қазаннан бастап стационарға 58 бала жатқызылған.

— Дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, хаттамаларға сәйкес емдеу шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта ауруханада жатқан балалардың барлығы емханадан шығарылды, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, өткен аптада РФММ 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды.

Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтті.

Сондай-ақ аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғаны анықталғанын хабарлады.

Кейін ауруханаға түскен оқушылардың саны артқаны белгілі болды.