Астанада Disneyland салына ма – министрлік жауабы

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жаңа туристік кешен салынады. Бірақ ол Disneyland емес. Жаңа жоба туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтып берді.

- Аталған жоба бойынша ілгерілеу бар. Бұл Disneyland деп нақты айта алмаймыз, бірақ қазірдің өзінде іске асырылып жатқан жобалар ішінде Астанада туристік кешен қарастырылған. Бұл — құрамында үлкен ойын-сауық паркі бар, қазір жоба жүзеге асырылу барысында. Иә, мұндай жоспар бар. Бірақ бұл Disneyland емес, - деді Ержан Еркінбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, аталған кешен елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайының маңында орналасады. Жобаға шетелдік инвестор қаржы құйып отыр.

- Қазір жобаны жүзеге асыру басталды, ол жерде тек ойын-сауық орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен сауда орталығы мен халықаралық деңгейдегі қонақүйді қамтитын ауқымды кешен. Бұл нысан елордамыздағы маңызды туристік алаңға айналады деп ойлаймыз. 2027 жылы кешеннің туристік бөлігі пайдалануға беріледі, - деп толықтырды министрдің орынбасары.

Еске салсақ, елордада Disneyland салынатыны былтыр айтылған еді. 

Бұған дейін елімізде гид мамандарын даярлауы мүмкін екендігі туралы хабарлаған едік. 

Одан бөлек, Туризм және спорт министрі елімізге келіп алданып қалатын шетелдік туристер мәселесін шешу жолдарын атады. 

Айта кетейік, елімізде туристерге арналған, жасанды интеллектіге негізделген TravelStan мобильді қосымша әзірленеді.